Әңгіме
Ескерткіш қалай салынды? Немесе трайбализмді ұлт игілігіне қалай жаратуға болады?
Берік Абайұлы
Х руының ақсақалдар кеңесі қызу жүріп жатыр. Сексенбай ақсақал ортаға шығып:
- ал туыстарым, бауырларым бәріміз білеміз батыр бабамыз Бәрің Қырғанбайға қаламызда бір ескерткіш жоқ. Бұл бізге сын. Бабамызды лайықты деңгейде құрметтей алмай жүрміз, - деп еді, өзге ақсақалдар рас-рас десті. Кеңес бірауыздан Бәрің Қырғанбай батырға ескерткіш орнатылсын деп шешім шығарды. Қоғамдық қор құрылып, қаражат жинай бастады. Сіңірлерден әрине оңған қаражат жиналушы ма еді?! Ақсақалдар Х руының байларын жағалай бастады.
- Шырағым Жақсыбай, Қайсыбай әкелеріңнің көзін көрген адаммын. Марқұм елге қызмет еткен жақсы кісілер еді. Екеуі де тірі болса бабамыз Бәрің Қырғанбайдың ескерткішін салуға бір кісідей атсалысар еді. Дегенмен әке көрген оқ жонар деген сөз бар емес пе?! Әкелеріңнің жоқтатпайтын сендердей ұрпағы бар. Оның үстіне батыр бабамыз руымызға ғана емес, ұлтымызға ортақ. Сендердің көмектесетін жөндерің, - деді Сексенбай ақсақал. Сонымен не керек қажет қаражат жиналды. Енді не істемек керек? Ақсақалдар әкімдікті жағалады.
- Айналайын әкім бала! Бүгін әкім боп отырғаның кешегі батыр бабаларымыздың арқасы. Олар тәуелсіздік үшін күреспесе бүгін бүйтіп әкім боп отырмас едің. Бәрің Қырғанбай батырға ескерткіш орнатуға рұқсат беруің, әруақ алдындағы парызыңды өтегенің, - деді Сексенбай ақсақал. Хош, сонымен бұл мәселе мәдениет басқармасының комиссиясында қаралып, тәуір дегенін Республикалық комиссияға жіберді.
- бұндай да батыр болған ба? - деді комиссия мүшесі басын қасып.
- ойбай-ау осындай тарихынан хабары жоқ, мәңгүрттерді министрлікке кім алады? - деп күйіп кетті Сексенбай ақсақал.
- кешіріңіз ақсақал өзіңіз білесіз біз совет мектебінде оқыдық, тарихымызды оқытпады. Дегенмен деректерін нақтылаған тарихшы мен оның ғылыми еңбегі бар ма? - деп сұрады комиссия мүшесі.
- ойбай-ау жанымда бір емес екі тарихшы отыр. Жақында екеуі бірлескен монография шығарды.
- қане оқып, сараптап көрейік ақсақал, - деді комиссия мүшесі. Сонымен не керек ұзақ тартыстан соң Республикалық комиссия ескерткіш қоюға рұқсат берді. Ескерткішті салтанатты түрде ашты. Әуелі облыс әкімі сөйледі. (Өз сөзі емес, көмекшілері әзірлеген) Одан кейін Сексенбай ақсақал сөйледі. Толқып, тебіреніп тұрғанын да жасырмады. Мұны көрген Ү руының ақсақалдарының іштері күйіп, өртеніп бара жатты. Жексенбай ақсақал: әй Сексенбай 15 м ескерткіш салдым деп мәз шығарсың. Көр де тұр осыдан Тоқтамай Жауғашабар бабама 20 м ескерткіш тұрғызам, - деді іштей. Осылайша Ү руының ақсақалдары да Тоқтамай Жауғашабар батырға ескерткіш орнататын болды. Ол да Х руының ақсақалдарының схемасымен жүрді.
Осы жерде трайбализмді қалай ұлт игілігіне жаратуға болады деп әпенді ойланды. Мақтану, жарысу жақсы. Дегенмен бабаларым кешірсін, әлдеқашан сүйегі қураған батыр, билермен мақтана беру қаншалықты орынды? Өткен шаққа қарай бергенше неге осы шаққа қарамайды? Дәл осы сәтте әпендінің ойына бір нәрсе сарт етті де Эврика деп айқайлап жіберді. Сексенбай, Жексенбай ақсақалдар ескерткіш салмасын, мектеп салсын. Мектеп болғанда әр рудың жеке мектебі. Мысалы Х руының мектебінде тек Х руының балалары оқиды. Сол сияқты Ү руының мектебінде тек Ү руының балалары оқиды. Қаражат та, құжат та жоғарыда айтылған схемамен жасалады. Кейін Х руының балалары химиядан олимпиадада Ү руының балаларын ұтады. Содан кейін Жексенбай ақсақал Ү руының байларына барып:
- негізі біздің балалар жақсы, тек білім беретін тәуір ұстаздар керек. Анау Х мектебінің ұстаздарын қарашы Франция, Германиядан келген. Біз де алдыртайық. Жұрттан қаламыз ба? - деп қайрап жібереді. Осылайша білім бәсекесі қалыптасып, дамыған елге айналамыз. Сандырақ әрине...